Бүгін Президент су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеу жариялады
Үндеудегі басты деректерге тоқтала кетсек:
— Аталмыш су тасқыны – көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат;
— Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды;
— Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарда жүр. Жағдай Қ.Ж. Тоқаевтың жеке бақылауында;
— Құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктері, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр;
— Мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі;
— Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет;
— Бұқаралық ақпарат құралдары, белсенді азаматтар мен блогерлер жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет.
Осылай дей келе, Президент сөз соңында құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлер мен апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысын білдірді. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың айрықша маңызына тоқталды.
Әлеуметттік желідегі видеолардан өзіміз де көріп жатырмыз – жер-жерде халық жұмыла қызмет атқарып, суға төтеп беруге тырысып жатыр. Апаттың беті қайтып, қайта су тасу қаупі сейіледі деп үміттенеміз. Бастысы халық аман болып, адам шығыны болмаса, басқасының бәрі орны толатын шығындар. Президент ешкімнің шетте қалмайтынын, шығындардың орны толтырылатынын айтты.